Батыс Қазақстан облысының Зеленов ауданына қарасты Дариян ауылында IT-сыныбымен жабықталған алғашқы мектептің ғимараты пайдалануға берілмек. 100 балаға арналған интернат пен 300 орындық жаңа мектептің кабинеттері спорт, акт залдары заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген.
Ақпараттық технологиялар сыныбында сабақтар электронды оқулықтың көмегімен өткізілетіндіктен, оқытушылар арнайы дайындық курсынан өтті. Осы тектес сыныптар жаңа оқу жылында аймақтың 14 мектебінде ашылатын болады. Ал ауданның барлық шағын жинақты мектептері Bilimbook жобасы бойынша ғаламторға қолы жетпейтін мектептерге арналған дербес оқыту құрылғыларына, яғни 500 трансформер-компьютерге ие болады. Bilimbook – елдегі Назарбаев зияткерлік мектептері жүйесінде сынақтан өткен озық үлгілі, жаңа әдістемелі сабақтар жүктелген компьютер-трансформер. Ол интернетке қосылмай-ақ пайдалануға жарамды. Қазақ, орыс, ағылшын тілінде бағдарламалар жүктелген Bilimbook жады 2-3 ай сайын жаңартылып тұрады. Сабақ екі тілде (қазақ және орыс тілдері) жүргізіледі. Арнайы мамандар кәсіби біліктілігін арттыру курстарынан өткен.
Сондай-ақ ауданда бұдан өзге де жаңа нысандар ел игілігіне берілмек. Астана қаласының 20 жылдығына орай, екі саябақ ашылып, аудандық тарихи-өлкетану музейінің тұсауы кесіледі деп күтілуде.
Жаңа құрылыс нысандарының сапасын тексерген өңір басшысы Алтай Көлгінов тұрғындармен жүздесіп, ауыл халқын елде және облыс аумағында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде хабардар етті.
Сондай-ақ, Құрылысы біткен мектеп нысанын аралап көрген облыс басшысы заман талабына сай салынған білім ошағына оң баға берді. Елбасы тапсырмасына сәйкес ашылғалы отырған алғаш ІТ сынып жаңа жетістіктерге бастайтын зор мүмкіндік боларына сенім білдірді.